«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан: «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 4 кәсіпкердің өнімі үздік деп танылды

2024 жылғы 21 Қазан
- Түркістан облысы
3710 просмотров

Түркістан облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 4 кәсіпкердің өнімі үздік деп танылды. Кәсіпкерлер палатасында өткен Бренд комитет отырысында кәсіпкерлер өз өнімін таныстырып, комиссия мүшелері бағалау парағы арқылы тиісті талаптарға сәйкес өз бағаларын берді.

Жоба үздігі атанған кәсіпкерлерге сертификат табысталып, республикалық деңгейде сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. «Бір ауыл – бір өнім» кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім өндіру жолымен ауылды дамыту тұжырымдамасына негізделген жергілікті шикізаттан өнімді әзірлеу және ілгерілету жөніндегі қызметтерді ұсынуға бағытталған жоба.

«Биыл жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлерден 60-тан астам өтінім түсіп, 39 өнім 16 тамыз күні өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесіне қатысты. Жұмысшы топ көрмеге қатысушы кәсіпкерлердің өнімдерін саралай келе 10 өнімді үздік деп таныды. Оның ішінде төрт кәсіпкер облыстың үздігі атанды. Бұл жобаны көршілес Қырғызстан мемлекеті мықтап қолға алған. Бауырлас елдің кәсіпкерлерімен тәжірибе алмасу мақсатында өңір кәсіпкерлеріне арнайы тур ұйымдастырылатын болады», - деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.

Негізінен жоба Жапонияда XX ғасырдың 70-ші жылдарында енгізілді. Жобаның негізін қалаушы Оита префектурасының бұрынғы губернаторы Морихико Хирамацу. Жиын қорытындысы бойынша кымыз өндіруші Амантай Шынбергенов, дәстүрлі қолөнерді дәріптеп жүрген Жанат Пазылбекова мен Нұрбибі Омарова, қыш құмыра шебері Жанзак Ерімбетов 2024 жылдың жеңімпаздары атанды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер