«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпкерлер тексеріс көбейгеніне көңілі толмайды

2024 жылғы 08 Сәуір
- Түркістан облысы
3561 просмотров

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында мектепке дейінгі жеке меншік білім беру ұйымдарын тексерудің заңдылығы туралы талқыланды. Жиында балабақша құрылтайшылары мен меңгерушілері Түркістан облысы бойынша құзырлы орган өкілдері тарапынан жеке меншік балабақшаларды тексерулер көбейгендігін атап өтті.

3 жылға созылған мораторий аяқталған соң сала мамандары мекемеге тексеру жүргізу құқығына ие болды. Дегенмен бұл кез келген уақытта барып тексеру деген сөз емес, әрекет прокуратурадан арнайы рұқсат берілгеннен кейін барып жүзеге асырылады. Кеңес төрағасы Орынбасар Кабиштаев тексеруші комиссия тарапынан қандай да бір заңсыздық орын алған жағдайда кеңес көмегіне жүгінуге шақырды.  Яғни, кәсіпкерлік субъектінің жұмысына кедергі келтіргендерге заң аясында тиісті органға шара қолдану туралы ұсыныс беріледі.   

Жалпы Түркістан облысында 1421 балабақша бар. Оның ішінде 263-і мемлекеттік, 1109 жекеменшік балабақша. Мектепке дейінгі ұйымдардағы бала саны - 156 мыңнан астам бүлдіршінді құрайды.

Талапқа сай балабақшаларда бейнебақылау камерасы орнатылып, бейнежазба 30 күн мерзімде сақталуы тиіс. Түркістан облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім басшысы Қуанышбай Жұмадилдаевтің айтуынша, балабақшаларда хабарлау жүйесі де міндетті түрде болуы шарт. Өз кезегінде кәсіпкерлер тексеру жұмыстарына қарсы еместігін жеткізіп, тек тексеру заң аясында болуын сұрайды.

Жиын соңында Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова аталған мәселе назардан тыс қалмайтындығын атап өтті. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер