«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда жазғы сауықтыру лагерлерінің биылғы маусымға дайындығы пысықталды

2023 жылғы 22 Мамыр
- Түркістан облысы
5009 просмотров

Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру ұйымдарында балалардың демалысын, тамақтануын, медициналық  көмек  пен  сауықтыру шараларының дайындығы туралы Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Медицина саласын дамыту комитетінің кезекті отырысында талқыланды.

 

Күн тәртібінде жазғы сауықтыру ұйымдарында тамақтан улану жағдайларының және инфекциялық аурулардың таралуының  алдын алу, санитарлық талапқа сәйкестендіру, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету сұрақтары көтерілді.

 

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №78 бұйрығына сәйкес маусымдық жазғы лагерлерде балаларды сауықтыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар объектілерді пайдалануға беру алдында санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу талап етілген. Алайда, қазіргі таңда  маусымдық лагерь субъектілерінен нысанға санитариялық-эпидемиологиялық сәйкестігі туралы қорытындысын алуға 4 өтініш тіркелген.

 

Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баяндауынша, қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгілгі тамақпен қамтитын 330 лагерь ашылады. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығынның жұмысына қатысатын болады. Облыста биылғы 2022-2023 оқу жылында 17 жазғы сауықтыру лагерлері (7 мемлекеттік, 10 жекеменшік) қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.

Жиынға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Денсаулықты сақтау басқармасы, Адами әлеуетті дамыту басқармасы мамандары және кәсіпкерлер қатысты.

 

Кездесу соңында биылғы маусымға жазғы сауықтыру ұйымдары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізілуіне барлық тиісті жергілікті және мемлекеттік органдар ықпал етуін, сауықтыру қызметкерлерінің санитариялық талаптарды сақтауын, балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетін жайттардан сақтануға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер