«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі Сарыағаш ауданының бизнес өкілдерімен кездесті

2023 жылғы 27 Қаңтар
- Түркістан облысы
5998 просмотров

Сарыағаш ауданы кәсіпкерлерінің жекелеген күрделі және жүйелі мәселелерін шешу жолдарын талқылау мақсатында, бизнес өкілдерімен жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың, заң қадағалау және құқық қорғау органдарының өкілдерімен Өңірлік кеңестің отырысы өтті.

Кездесу кеден мәселесімен басталды. Кәсіпкерлер кеденде бірнеше күн заттың тұрып қалуына шағым айтты.

«Кеден бекетінен өткізетін жүзім өнімдеріне кедендік төлем-1,2$ (564 теңге) мөлшерінде бекітілген. Ал нарықтық бағасы әртүрлі, тұрақты болмайды. Мысалы, бір тауарды бір ай бұрын мың теңгеге сатып алынса, сол тауар қазір 200 теңгеге сатып алынады. Бірақ кеден төлемінің жоғары шартты бағасымен төленеді. Бұл ретте, қаншалықты 200 теңгеге алынған тауардың кеден төлемі мың теңгеге алынған тауардың төлемімен бірдей болады», – деп атап өтті жеке кәсіпкер Бауыржан Исахов.

Өңірлік кеңестің төрағасы бұл мәселені жіті бақылауда ұстайтынын жеткізді.

«Палата өз тұрғысынан кеден бекетіне барып зерделенген мәселелерді шешу үшін арнайы кездесу ұйымдастырыңыздар», – деді Нұралы Әбішов.

Қапланбек кеден бекеті басшысы орынбасарының айтуынша кедендік құнды анықтаудың 6 әдісі бар.

«Осыған байланысты бағасы анықталады. Төленетін соманы жүйе өзі айқындайды», –  деді Қымбат Жүнісов.

Бірлескен шараның күн тәртібінде шағын және орта бизнес субъектілерін алаңдатқан өзекті  сұрақтар тыңдалып,  кәсіпкерлерге қысым көрсету, жұмыс барысына заңсыз араласу, әкімшілік кедергілер келтіру, негізсіз әуре-сарсаңға салу әрекеттерін болдырмау мәселелері қаралды.

Кездесу соңы балабақша жүргізіп отырған кәсіпкерлердің сұрақтарымен жалғасты.

«Балабақшалардың жұмыс уақыты 10,5 сағат болып бекітілген. Бірақ қазіргі таңда Адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан қаулының жобасында балалардың 9 сағаттық тұруын ұсынды, кәсіпкерлер атынан келіспейтінімізді жеткіземіз», – деп атап өтті «Нұр Мереке Бала бақшасы» ЖШС директоры Назым Жұмағұлова.

Білім басқармасының өкілі балабақшалар түгел есептік құжаттарын өткізбегендіктен ақысы төленбей отырғандығын жеткізді.

«50 шақты балабақша әлі күнге дейін есептік құжаттарын өткізбеді. Толық өткізген соң төлеп бастаймыз», – деді Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына наразылығын білдірді.

«Неліктен ең төмен баға Түркістан облысында? Неге ұсыныс берілмейді, неше жылдан бері шешілмей келе жатыр. Жылдан жылға қарыз тек ұлғайып жатыр. Кәсіпкерлер қызметкерлеріне жалақы төлеуі керек, коммуналдық төлемдері бар. Уақытылы төленбегенінен бөлек, биылдан бастап төлемдерді қысқартып отырсыздар», –  деді Орынбасар Қабыштаев.

Сарыағаштық кәсіпкерлер тарапынан көтерілген ұсыныстар мен өтініштер тиісті мекемелердің назарына  алынып, бизнес өкілдеріне құқықтық көмектер көрсетілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер