«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚАРАЛДЫ

2023 жылғы 27 Қаңтар
- Түркістан облысы
5882 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің биылғы алғашқы ауқымды отырысы Келес ауданында өтті. Жергілікті кәсіпкерлердің көкейкесті мәселелері кең талқыланған маңызды шараға Өңірлік және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағаларымен мүшелері, облыстық заң қадағалау, құқық қорғау органдарының басшылары,  атқарушы және уәкілетті органдар мен  БАҚ өкілдері  қатысты.  

Кездесуді Өңірлік кеңестің төрағасы ашты.

«Бүгінгі жиынның басты мақсаты – сіздердің мәселелеріңізді тыңдау және оларды шешуге жәрдемдесу. Сонымен қатар, мәселерді шешуден бөлек, барша кәсіпкерлердің басын біріктіру мақсатын қойып отырмыз. Яғни кәсіпкерлер өздері бірігіп, мемлекеттік мекемелер немесе ұйымдардың өкілдерін шақыртып, проблемаларын жеткізе алады», – деді Нұралы Әбішов.

Бірлескен шараның күн тәртібінде шағын және орта бизнес субъектілерін алаңдатқан өзекті  сұрақтар тыңдалып,  кәсіпкерлерге қысым көрсету, жұмыс барысына заңсыз араласу, әкімшілік кедергілер келтіру, негізсіз әуре-сарсаңға салу әрекеттерін болдырмау мәселелері қаралды.

«Бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемалық жағдайларға жол бермеу  Агенттік жұмысындағы жаңа бір басымдық ретінде айқындалып, бүгінде кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аударылып отыр.  Бұл ретте, Департамент бизнес-қоғамдастық өкілдерімен тікелей ашық диалог орнатуға және бизнесті жүргізуге  кері ықпал ететін мәселелерді бәрлесіп шешуге дайын екенін назарларыңызға жеткізгіміз келеді» – деді  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Керімханұлы.  

Сондай-ақ, жиында кәсіпкерлер ірі қара малға, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне, балық шаруашылығына берілетін несие алу шарттары мен ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялар, мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігі турасында ұсыныстарын  ашық білдіріп, қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің өтеу мерзімдерін  бір жылдық мерзімге кейінге шегеруге және жеңілдетілген несие қарастырылуына ықпал етуді сұрады. Палата мамандары балық шаруашылығына 500 млн теңге жемге, 200 млн теңге инвестициялық субсидия және жылдық мөлшерлемесі 4%-бен 10 жыл мерзімге жеңілдетілген несие берілетіні туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің мәселесі бірнеше рет кеңес отырыстарына шығарылды. Жүйелі проблемалардың бірі. Қазіргі таңда балабақшаларға мониторинг жүргізіліп жатыр, соның нәтижесін күтеміз», - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.

Сонымен қатар, қатысушылар балабақшаның ұзақ шешілмей келе жатқан мәселесін көтерді.

«Екі жастан ата-ана баланы бақшаға береді. Дегенмен екі жасар балаға төленбей отыр. Бұл күрделі мәселені біз екі жылдан бері Палата алаңында көтеріп келеміз. Мәселе Республика деңгейіне дейін жетті», –  деп атап өтті Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Орынбасар Қабыштаев.

Келестік кәсіпкерлер тарапынан көтерілген ұсыныстар мен өтініштер тиісті мекемелердің назарына  алынып, бизнес өкілдеріне құқықтық көмектер көрсетілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер