«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпорындар беделді марапаттарға ие болды

2022 жылғы 07 Желтоқсан
- Түркістан облысы
6413 просмотров

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің  «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары анықталды. Байқау жыл сайын «өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар, халыққа арналған үздік тауарлар, үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша өтеді. Әр номинацияда үш жеңімпаз анықталады.


Жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен сапа саласында жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер қатысты. Түркістан облысынан бес кәсіпорын жүлделі болды. Лауреаттарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттады.

ҚР Президенінің  «Алтын сапа» сыйлығын «Бөрте Милка» ЖШС азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпорындар номинациясын жеңіп алды.

«Бізде сүт фермасы бар, сүт өнімдерін шығарумен айналысамыз. Өндірісті 2016 жылдан бері жүргізіп келеміз. Дайын өнімді Түркістан облысы және  Шымкент қаласына таратамыз. Мұндай байқаулар ірі кәсіпорындар үшін стимул, бұдан да үлкен жетістіктерге жетуге, жұмыс істеуге талпыныс береді. Бұл республикалық деңгейдегі байқау болғандықтан марапатқа ие болу көптеген кәсіпорынға болашаққа жол деп айтуға болады. Байқауға биыл екінші рет қатысып жатырмыз. Былтыр «Бизнес Кемелділік» номинациясын алдық. Міне, «Алтын сапа» сыйлығын алдық. Өте қуаныштымыз», – деп бөлісті «Бөрте Милка» ЖШС бас директоры Бөкейхан Әбішев.

Қазақстан Президенінің  «Алтын сапа» сыйлығын алу байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының марапаттау рәсімі аясында «Iскер», «Бизнес кемелділік»,  «АруАна» бизнесте тану» сыйлықтарының жеңімпаздары, сонымен қатар Qazaqstan Project Management Awards – 2022 – сапа саласында ТМД сыйлығының номинанттары марапатталды.

«Іскер» сыйлығы» Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығын алуға үміткер және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысқан әрі саласында жетістікке жеткен таңдаулы кәсіпорындарға тағайындалады. 

2022 жылы «Іскер» арнайы сыйлығын 10 компания еншіледі, соның бірі болып Түркістан облысынан «Хамит» ӘКК жеңіп алды.

«Хабибулла-ата» жеке кәсіпкерлігінің жиһаздары халыққа арналған ең үздік тауарлар болып танылды.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығарушы «AYKAN» ЖШС  топ жарды.

«Қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын, өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан кәсіпкерлер  жүлделі болғаны қуантады, биылғы жылы бес жүлдені иемдендік, жылдан жылға түркістанадық кәсіпорындар республикалық конкурстардың жеңімпаздары және беделді марапаттардың иегерлері атанып келеді, біз осы жылы да брендтеріміздің ең жоғары деңгейге лайықты түрде ұсынылғанын мақтан тұтамыз»,- деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер