«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда вице-премьер кәсіпкерлердің мәселелерін тыңдады

2022 жылғы 23 Қараша
- Түркістан облысы
7079 просмотров

Түркістанда премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесіп, мәселелерін тыңдады.

Жиында Серік Жұманғарин азаматтарды әлеуметтік қолдау, негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер мақта мәселесі, отандық өнімді қолдау механизмдері және басқа проблемаларын ортаға салды.

«Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының мәселелері өзекті, Ресейден, шетелдерден инвестиция тартып, мақта, тері, жүн өнімдерін өңдеу өндірістерін дамыту қажет», – деп атап өтті Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов.

Бұдан бөлек жүн, тері өнімдерінің экспортына қатысты ұсыныстар айтылды.

«Түркістан облысының статистикалық мәліметіне сәйкес, жылына қойлардың жүні екі реттен қырқылып, 7,5 мың тоннаға жуық жүн және 2 млн аса ірі қара, уақ мал терілері алынады. Өңірімізде ірі қара мал бордақылаумен айналысатын ірі  22 кәсіпорынның өзінен жылына 478 мың тоннаға жуық мал терісі алынады. Бұл экспортталатын терінің баж салығының жоғары болуынан, отандық кәсіпкерлердің қосымша табыс табуына кері әсерін тигізіп, алынған мал терілері қоқысқа тасталып жатыр. Осыған байланысты баж салығы 200 еуродан 100 еуроға төмендетілсе», – деп атап өтті кәсіпкер Бағлан Мұсабеков.

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев бизнес үшін мұндай кездесудің маңызы зор екенін айтты.

«Кәсіпкерлер қордаланған мәселелерін үкімет деңгейіндегі тұлғаларға баяндады. Мұндай кездесудің маңызы зор. Бұл кәсіпкердің уәжі жауапсыз қалмайтынын білдіреді. Біз әрдайым проблемаларды шешу үшін мемлекеттік органдармен бірлесе қызмет атқаруға дайынбыз», – деді Асылан Ибадуллаев.

Премьер-министр кәсіпкерлердің пікірін тыңдап, алдағы уақытта Өзбекстанмен мақта бойынша кооперациялық жобалар қолға алынатынын атап өтті.

«Бүгінгі сапардың басты мақсаты – түркістандық кәсіпкерлердің пікірін тыңдап, қазіргі жағдайын білу. Кездесуде ауылшаруашылық, жүн өңдеу, мақта өңдеу кәсібі туралы өзекті мәселелер көтерілді. Өзбекстанның мақта өндіруден тәжірибесі мол. Жалпы, Түркістан өңірінің әлеуеті өте жоғары. Бұл ретте, Өзбекстанның премьер-министрімен мақта бойынша кооперациялық жобаларды Түркістан өңірінде жүзеге асыру талқыланған болатын. Себебі мұнда мақта өндіріледі, тәжірибелі мамандар да бар. Өзбекстан бұған келісті. Осы мәселе бойынша жақында көрші елде бизнес форум өтеді. Осы кооперациялық жобаларды дамыту бойынша мемарандумға қол қоямыз», – деді министр.

Жиын соңында Серік Жұманғарин барлық ұсыныс назарға алынып, тиісінше жұмыстар атқарылатынын айтты.

Айта кетейік, кәсіпкерлермен кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер