«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістанда artsport мәселесі талқыланды

2022 жылғы 09 Қараша
- Түркістан облысы
5701 просмотров

Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында artsport мәселесіне байланысты кезекті кеңес отырысы өтті.

Жиында мемлекеттік органның өкілдері мен облыстың кәсіпкерлері пікірін ортаға салып, қордаланған проблемаларды талқылады.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, өңірде Мемлекет басшысының балаларды тегін шығармашылық үйірмелелермен қамту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2021 жылдың 1 мамырынан бастап шығармашылық үйірмелер бойынша жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмі енгізілді. Одан әрі artsport.edu.kz  платформасы іске қосылды.

2022 жылдың басында мемлекеттік-спорттық тапсырысты іске асыруға 4835 баланы қамту үшін 700 млн теңге көзделген. Алайда, бүгінде аrtsport.edu.kz ақпараттық жүйесінде тіркелген балалардың саны 26 мыңнан асады. Ал, спорт секциясына қатысатын балаларды нақты қамту саны – 25 697. Яғни, қабылданған балалар санының күрт өсуі бөлінген қаржының таусылуына алып келген.

Сондай-ақ, аймақта бағдарлама екі ай істегеннен кейін тоқтап қалды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұған себеп – бағдарлама о бастан дұрыс жүйеленбеген және іске асыру механизмі реттелмеген. Салдарынан бизнесмендер қызметінің ақысын ала алмай отыр.

«Аrtsport жеткізушілер қауымдастығы» ЗТБ төрағасының орынбасары Гүлжан Түсибиянова мемлекеттік органдардың жұмысының дұрыс атқарылмағынан кәсіпкерлер зардап шеккенін атап өтті. Сонымен қатар, ол мұндай проблема басқа аймақтарда да кездескенін, бірақ олар мәселені сотқа жеткізбей шешкенін алға тартты.

«Балалардың мүмкіншілігіне берілген жобаға балта шауып тұр деп қана айта аламын. Еліміз бойынша Түркістан облысынан өзге аймақтардың барлығы бұл мәселені сотқа жеткізбей шешкен.  Егер сотта іс қозғалатын болса, кәсіпкерлер міндетті түрде жеңіп шығатынына сенімдімін», – деді Гүлжан Түсибиянова.

Сондай-ақ, жиынға ата-аналардың бастамашыл тобының өкілі Ольга Аринбасарова, Бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин, мемлекеттік органның өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Мәселе талқыланды, бірақ шешілмеді. Қазір Түркістан облысының экономикалық тергеу департаменті және прокуратурасы бағдарламаның іске асырылуын тексеріп жатыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер