«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бастау: Түркістан облысында бизнеске онлайн оқытудың үшінші легі басталады

2021 жылғы 09 Маусым
- Түркістан облысы
7273 просмотров

Кәсіп негізін үйренемін деген түркістандықтар 14 маусымнан бастап «Бастау Бизнес» жобасының үшінші легінде оқуға онлайн өтінім жібере алады. Ал оқуға жолдамыны жұмыспен қамту орталығы 10-13 маусым аралығында береді.  Оқу 21 маусым басталады.

Жобаға қатысуға ниетті азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтарына оқуға өтініммен жүгінуі қажет. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жобаның нысаналы тобына сәйкестігіне үміткер мәртебесі расталған кезде оқытуға жолдама береді. Содан кейін үміткерлер https://atameken.co сайтта өз бетінше электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуден өте алады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Лаура Бекмурзаева мәлімдеді.

"Биылғы жылы оқуға ниеттілер саны көп. Облысымыз ең көп өтініш қабылдайтын аймақтардың қатарында. Жобаның бірінші легі бойынша 1317 адам оқытылды. Ал екінші лег бойынша 1046 адам оқуды тәмәмдәп, бизнес жоспарларын дайындап жатыр. Әр аудан мен қала бойынша жоба қатысушылармен бизнес-тренерлер және жобаны сүйемелдейтін кеңесшілер жұмыс жасауда. Жалпы, оқу 5 лек ұйымдастырылады және ағымдағы жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Карантиндік шараларға байланысты оқыту 21 күн ішінде онлайн форматта өтіп, сәтті аяқтап шыққан түлектерге сертификат беріледі. Осы сертификатпен жоба түлегі 200 АЕК көлемінде өтеусіз грант немесе 6% жеңілдікпен несие алуға үміткер бола алады", - деп атап өтті Лаура Бекмурзаева.

Айта кету керек, бұл жерде «Бастау» жобасын аяқтау туралы куәліктің болуы оның иесінің грант алатындығын білдірмейді. Бұл ондаған және жүздеген басқа қатысушылар арасында жеңімпаз атану үшін бизнес-жоспарын сәтті қорғауды қажет ететін сайыс екенін түсіну қажет.

Брифингке қатысқан жұмыспен қамту маманы Ақнұр Назарованың айтуыша, 2021 жылы "Еңбек" бағдарламасы бойынша гранттарға жалпы сомасы 1 808 540 000 теңге құрайтын 200 АЕК көлемінде 3100 бірлікке қаражат бөлінген. Бүгінде оның 2,5 мыңға жуығы игерілген. Қалған грант өткен жылдан бері кезек күтіп тұрған жоба түлектері арасында игерілмек. Дегенмен, биылғы жылдың түлектері жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастауларына мүмкіндіктері бар.

Ағымдағы жылы облыс бойынша 3650 адамды оқыту жоспарланған.

Жобаның төртінші легіне тіркеу 12 шілдеде басталса, бесінші легке тіркеу 9 тамызда бастамақ.

Оқуға жұмыссыздар; еңбекке жарамды мүгедектер; жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер; аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері; зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері; қоныс аударғандар мен қандастар қатыса алады.

Еске салсақ, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер