«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық жекеменшік балабақша иелерін жан басына шаққандағы қаржыландырудың жетіспеушілгі алаңдатуда

2021 жылғы 11 Мамыр
- Түркістан облысы
7889 просмотров

Бұл мәселе Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайнар Абасовтың қатысуымен өткен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі жанындағы Білім беру және медицина салаларын дамыту комитетінің кезекті, кеңейтілген отырысында көтерілді.

Комитет отырысына облыстық мәслихат депутаттары, адами капиталды дамыту басқармасы басшылығы мен аудан кәсіпкерлері де қатысты.

Кездесуде Білім беру саласындағы кәсіпкерлеріміздің көтерген мәселесі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында нормативке сай төлем жүргізуге қаржының жетіспеушілігі.

Бұл өзекті мәселе балабақша саласындағы кәсіпкерлеріміз жыл сайын көтеріп келеді.

Себебі жан басына шаққандағы қаржыландырудың төленетін сомасы облыста Республика бойынша белгіленген нормативтен әлдеқайда аз.

Яғни 2020 жылы облыста тиісті сома 31 010 теңгеден болса, балабақшаларға орташа есеппен 20 988 теңге төленген.

Тіпті бұл соманың  кей аудандарда тек 9 айы ғана төленсе, кей аудандарда мүлдем төленбеген болатын.

2020 жылы Палата тарапынан түрлі алаңдарда көтеріп, нәтижесінде берешек өтелген болатын.

Ағымдағы жылы жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша бір балабақша баласына: қала бойынша -37 527тг,  ауылдық жерлерде -41 053 тгден төленуі тиіс.

Алайда бюджетте қаражат жеткіліксіз болғандықтан, жан басына шаққанда қаржыландыру нормативке сай толық көлемде төлем жүргізу проблемасы тағы да туындауда. 

Мәселені шешу үшін облыс әкімнің тиісті орынбасарлары атынан Білім министрлігіне республикалық бюджеттен жетіспейтін қаражатты бөлуді мақұлдау үшін хат жолданған болатын. Хатқа қол қойылғаннан кейін білім министрлігі Қаржы министрлігіне 23 493 633,0 мың теңге сомасына сұрау салған.

Десекте, мәселе оң шешімін таппай келеді.

Облыс бойынша қазіргі таңда 1424 мектепке дейінгі мекеме бар болса, оның 1024-і жекеменшік балабақшалар. Тәрбиеленіп жатқан балардың жалпы саны 155 мыңды құраса, жеке балабақшада 115 мыңнан асады.

«Бұл мәселелер балаларымыздың тәрбиесі мен білімінің сапасына де әсер ететіні анық. Адами капиталды дамыту басқармасының мәліметінше қаражаттың жетіспеушілігі 5500 бүлдіршіннің балабақша кезегінде тұруына мәжбүр етуде. Бұл мүлдем ақылға сыймайтын жағдай»,- деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков.

Өңірлік кеңес төрағасы мәселенің маңыздылығын ескеріп, ҚР Мәжіліс депутаттары атынан тиісті министрліктерге ұсыныстармен шығып, Республикалық бюджетке өзгелтулер енгізу бағытында жұмыс жасайтынын жеткізді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер