«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпкерлерді мемлекеттің қолдауымен жеке мектептер мен жатақханалар салуға шақырды

2021 жылғы 08 Сәуір
- Түркістан облысы
10179 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында аймақ кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау аясында жеке мектеп пен жатақхана салу жолдары түсіндірілді.

Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ мамандарының қатысуымен өткен бұл шарада түркістандық кәсіпкерлер аса белсенді болды.

«Бүгінгі шараны өткізіп отырғандағы мақсатымыз Түркістан облысындағы кәсіпкерлерді білім саласындағы қолданыстағы инвестициялық бағдарламалармен таныстыру. Бұл бағдарлама 2018 жылы басталған болатын. «5 әлеуметтік бастама» аясында республика көлемінде кем дегенде 75 000 орындық жатақхана салу жоспарланған болатын. Осы орайда, жатақхана немесе жеке мектеп салуға ниетті кәсіпкерлерге бүгін түсіндіру үшін арнайы келіп отырмыз», - деді «Қаржы орталығы» АҚ Жобаларды ілгерілету департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин.

«Бүгінде елімізде студенттер тұратын 63 мыңнан астам орын-жайдың салынуын қамтамасыз ету қажет. Бұл ірі қалалардан бастап облыстық маңызы бар қалаларға дейінгі еліміздің барлық өңірлеріне тән қажеттілік. Тетіктің тұжырымдамасы мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігіне негізделген. Инвестор, оқу орны немесе кәсіпкер тұлғасындағы жекеменшік құрылыс салушы өз қаражаты есебінен объектіні іске қосуды жүзеге асырады. Объектіні іске қосу сәтті болған жағдайда мемлекет оған мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады», – дейді Алпамыс Айдарұлы.

 Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты шарты студенттің тұру фактісі болып табылады. Яғни, жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс ай сайынғы негізде 8 жыл мерзімге орналастырылады. Демалыс кезеңінде соңғы оқу айында тұрған студенттер саны ескеріледі. Бір студентке арналған мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері құрылыс салынған жағдайда 122 АЕК, реконструкция жасалған жағдайда 47 АЕК-ті құрайды.

Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең болып келетін түзету коэффициенті ескеріле отырып төленеді. Мысалы, нақты 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға жасалады. Бірақ жатақхананың жобалық қуатынан аспауы тиіс.

Мұнан өзге, кездесуге келген кәсіпкерлер бағдарламаға қатысты сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптарын алды.    

Кездесу барысында «Қаржы орталығы» АҚ-ның мамандары білім беру саласындағы мұнан өзге де мемлекеттік қолдау тетіктерімен таныстырып шықты. Толығырақ www.fincenter.kz www.invest.fincenter.kz сайттарынан танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер