«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жер дауы: түркістандық кәсіпкерлер құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне наразы

2021 жылғы 29 Наурыз
- Түркістан облысы
5945 просмотров

Жер телімдерінен айырылып, құқық қорғау органдарына берілген арыз-шағымдары жауапсыз, әуре-сарсаңға салынып жүрген шаруалардың мәселесі Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің кезекті отырысында талқыланды.

2006 жылдан бері жергілікті атқарушы орган әрекетінен жер телімдерінен айырылған Төлебилік шаруалар құқықтарын қорғауды өтініп, Палатаға шағымданған болатын.

Мәселен, «Бірлік» ӨК өзіне тиесілі 770 га жайылым, 840 га егістік жерлер жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғаларымен жалған құжаттар жасалып, заңсыз сатылып, үшінші тұлғаларға беріліп кеткен.

Ал, «Диханкөл» өндірістік кооперативіне 2006 жылы аудан әкімінің қаулысымен 1 677,2 га жайылымдық жер учаскесі берілген, алайда аталған жердің көлемі белгісіз себептермен 1 213 га өзгертіліп, 463,5 га жерге заңсыз құжаттар әзірленіп, үшінші тұлғаларға беріліп кеткен.  2017 жылы аталған 1 213 га жер телімін 884 га тағы да қысқартып, 329 га жер телімі Кооперативтен алып қойған.

Сонымен қатар, «Алатау орда» АӨК де жер учаскелері талан-таражға салынып үшінші тұлғаларға сатылып беріліп кеткен.

«Жалған нотариус арқылы біздің жайылым жерлерімізге жалған құжаттар жасап, мақсатын заңсыз өзгертіп, сатып жатыр. Төле би ауданы өздеріңіз білетіндей таулы өлке, мұнда тек жайылым жерлер арқылы кәсіп жасап, нанымызды тауып келеміз. Бірнеше жыл бойы жерлерімізді қайтара алмай, шығынға батудамыз», -дейді шаруалар.

 Шаруалардың өз бетінше құқықтарын қорғау бойынша әрекеттері назарсыз қалған. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы Түркістан облысының прокуратурасына аталған мән-жайларды, оның маңыздылығы мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау әрекеттірінің созбалаңдыққа салынып отырғанын көрсетіп,  нақты іс-шаралар қабылдауды ұсынып хат жолдаған болатын. Алайда, Палата хатқа толымды жауап ала алмай отыр.  

Төрт жылдан бері шешімін таппай, созбалаңдыққа салынған даулы жер телімдеріне құқықтарын қалпына келтіруді сұраған бір топ шаруалар Кеңес мүшелеріне өз  мәселерін ашып айтты.

Отырыста тиісті жергілікті атқарушы орган өкілдеріне қойылған сауалдарына толымды жауаптарын ала алмаған кеңес мүшелері Түркістан облыстық прокуратурасына аталған қылмыстық істердің тергелуін, процесстік мерзімдердің өтіп кетпей, жуық арада тергеу жұмыстарын жандандырып, жер иенленушілердің құқықтарын қорғауды талап етті. Сонымен қатар, заң талаптарының өрескел бұзылуына жол берген лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауаптылыққа тартылуын және шаруалардың жер учаскелеріне құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған нақты шаралар қабылдауын ұсынды.

 Ал, кентаулық кәсіпкерге жер учаскесін беруден негізсіз бас тартқан жергілікті атқарушы органның әрекеті бөлек әңгіме.

2018 жылы Кентау қаласында бос тұрған жер теліміне сауда орталығын салуды көздеген кәсіпкер Б. Алимов жергілікті әкімдікке өтінішпен жүгінген. Кентау қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен жер кадастры бөлімінің қорытындысы негізінде жер учаскесі басқа адамға И. Омароваға тиесілі деген сылтаумен өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  

Алайда, бұл жер учаскесінің орналасқан жерінің нақты шекараларын анықтау барысында жер телімінің И. Омароваға тиісті емес екендігі анықталған. Ал Омарова бұл жер телімін алмағанын және сұрамағанын айтуда.

Жердің бос екендігіне көзі жеткен кәсіпкер, бұл жолы жұбайының атынан қайта өтініш берген. Кентау қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі сұралып отырған жер учаскесі азамат Б. Алимовқа, яғни кәсіпкердің өзіне тиесілі екенін хабарлап, жерді беруден бас тартқан.

Кәсіпкер тағы да ЖАО-ға жер учаскесін беру өтінішімен жүгіген, алайда әкімдік өкілдері  бұл жерді тұрғын үй құрылысына арналған деген сылтаумен беруден қайта бас тартқан. Өтініш иесі сұралған жер учаскесін тұрғын үй құрылысына беруге болмайтындығын, өйткені ол теміржол желісіне жақын орналасқан және тұрғын үй үшін құрылыс нормаларына сәйкес келмейді деп мәлімдеуде.

Сонымен қатар, Кентау қаласы прокурорының және ЖАО-ның жоғары тұрған органдарының атына жолданған өтініш өз нәтижесін бермеді.

Қазіргі уақытта кәсіпкер сұралған жер учаскесін беруден негізсіз бас тартқан кінәлілер, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық ниеті түбегейлі болуы мүмкін түрлі жауаптар берген лауазымды адамдар жазаланбайтындығына сенім мен үмітін жоғалтқан.

 Палата заңгерлері, лауазымды тұлғалардың мұндай іс-әрекеттері кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін жасанды кедергі жасай отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдіктерін арттыруда деп санайды.

Кеңес мүшелері Түркістан облысының прокуратурасынан кәсіпкердің өтінішінде көрсетілген дәлелдерінің негізділігіне жеке ерекше бақылау жасауды және мұқият тексеру жүргізуді тапсырды.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер