«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық кәсіпкерлер «Атамекен» басшысына бизнестің түйіткілді мәселелерін жеткізді

2021 жылғы 17 Наурыз
- Түркістан облысы
8175 просмотров

"Атамекен" ҰКП басшысы Тимур Құлыбаевтың Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесімен бизнестің өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі кездесуі zoom-конференция форматында өтті.

Кездесу барысында Түркістан облысының бизнесмендері өңірдегі бизнес-ортаның жай-күйін көрсететін және оларды министрліктер мен Үкіметтің көмегімен шешуге болатын өз салаларының бүгінгі таңдағы ең өзекті жүйелі проблемаларын айтты. 

Кәсіпкерлер көтерген мәселелердің үлкен ауқымы агроөнеркәсіптік кешені саласына қатысты болды.

«Аlma Jabagly» ЖШС директоры Мақсат Әбдікәрімов Түркістан облысында көктемді дала жұмыстары басқа өңірлерден гөрі бір-екі ай бұрын басталатынын еске салды. Наурыз айында қырықабаттың алғашқы өнімі жиналады.

«Біз ерте пісетін қырыққабатты егеміз, ал қаржы мекемелері тарапынан несиелер жыл сайын наурыз бен мамыр аралығында ғана беріледі, демек ерте пісетін көкөністерге қаржыландыру қарастырылмаған. Сондықтан шаруалар қаңтар-ақпанда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан пайыздары жоғары (жылдық 20-50%) тұтынушылық несиелерді алуға мәжбүр», – деді Мақсат Әбдікәрімов.

 Бұл ретте «Агро несиелеу корпорациясы» АҚ мамандары несиелеуде ҚР Ауыл шаруашылығының нормативіне сілтейді, бұл норматив 1 га жерге 500 мың теңгені қарастырады. Ал іс жүзінде ерте пісетін қырыққабатты өсіруге кететін шығын 1 гектарға 1,3 млн теңгені құрайды, жетіспейтін соманы шаруалар екінші деңгейлі банктерден алуға мәжбүр.

"Қазақ мақта қауымдастығы" ЗТБ төрағасы Полат Юсупов "ҚазАгро" Холдингінің "Кең дала" бағдарламасы бойынша несиелендіру мәселесін қозғады.

«Жыл сайын республикалық бюджеттен "Кең дала" бағдарламасының операторына көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді одан әрі қаржыландыру үшін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ 70 млрд.теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді. Қаражатты фермерлер де, трейдерлер де, қайта өңдеушілер де ала алады. Алайда, есеп комитетінің ұйғарымы негізінде "ҚазАгро" Холдингі трейдерлер мен қайта өңдеушілерді қаржыландыруды болдырмайтын ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді, бұл бірінші кезекте Мақтаарал ауданының мақташылары арасындағы және одан әрі басқа өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті ушықтыруы мүмкін»,-дейді Полат Юсупов.

 Осы тәуекелдерді төмендету мақсатында шаруалар "Кең дала" бюджеттік несиелеу бағдарламасына өнімдерді қайта өңдеушілерді қаржыландыруды енгізу үшін көмек көрсетуды сұрады.

"Агро V" ЖШС басшысы Нұралы Әбішев те өзекті мәселені қозғады.

«Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі күні Түркістан қаласында қарқынды ауқымды құрылыс жүріп жатыр және жұмыс күшіне деген қажеттілік оны қамтамасыз ету мүмкіндігінсіз күн сайын артып келеді. Тиісінше, бұл тапсырыс берушілердің алдындағы міндеттемелердің орындалуын баяулатуда. Осыған байланысты, тапсырыс берушілер алдындағы өз міндеттемелерін орындау үшін кәсіпкерлер көбінесе жұмыс күшін тарту заңдылығын бұзуға мәжбүр. Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру үшін жоғары алым мөлшерлемесі -250 АЕК қарастырылған, бұл коорупциялық тәуекелдерге әкеп соғуда»,- деді кәсіпкер.

Нұралы Әлмаханұлы ЖАО-ға шетелдік жұмыс күшінің сандық шегін белгілей отырып, оның өңірлерге кіруіне рұқсат беру мүмкіндігін қайта қарап, жұмыс күшін тартуға арналған алым мөлшерлемесін 48 АЕК-ке дейін төмендетуді ұсынды.

Онлайн-кездесу соңында "Атамекен" басшысы басқарма мүшелеріне салалық ведомстволармен көтерілген барлық мәселелерді пысықтап, шешім барысын бақылауға алуды тапсырды. Кездесулер қорытындысы бойынша өңірлік палаталар мен орталық аппараттың жұмыс жоспарлары келіп түскен мәселелерді ескере отырып түзетілетін болады.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы биыл халықтың жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік жай-күйі басымдыққа алынуы керек деп санайды.

«Өткен жылы локдаун салдарынан 430 мыңнан астам кәсіпорын қызметін тоқтатты. ҰКП жүргізген сауалнама нәтижесі табыстан айырылған компаниялар өндірісті орта есеппен 11 пайызға оңтайландырғанын көрсетті. Демек, осы кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтырған, бізге нәтижелі жұмыспен қамту мәселесін қолға алу қажет. Жалпы, біз дер кезінде әрекет етіп, елдегі бизнесті қолдау бойынша Үкіметке тиімді шараларды ұсына алуымыз үшін өңірлік палаталар мен дирекцияларға кәсіпкерлер арасындағы тұрақты негізде сауалнама жүргізіп отыру қажет», – деді Тимур Құлыбаев.

Осындай кездесулер барлық өңірлермен бекітілген кестеге сәйкес өтті. Кәсіпкерлер айтқан проблемалар негізінде «Атамекен» ҰКП жуық арада Үкіметтің қарауына қолдау шаралары мен түйткілді мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды дайындайды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер