«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жер дауы: түркістандық кәсіпкерлер мемлекеттік орган қызметіне наразылық білдірді

2021 жылғы 04 Наурыз
- Түркістан облысы
10252 просмотров

Түркістан облысының бизнесмендері мемлекеттік органдардың жұмысына жиі шағымдана бастады. Заң бұзушылықтар тізімінде жер мәселесі көш бастап тұр.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұ.Тәжібаев, Түркістан қаласының әкімі Р. Аюпов және облыс прокурорының орынбасары Е. Бөлегеновтың қатысуымен өткен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл Кеңесі мен облыстық прокуратураның Сарапшылық Кеңесінің біріккен кеңейтілген отырысында жер қатынастары саласындағы бизнестің өзекті мәселелеріне талдау жасалды.

Жалпы, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасына 2019 жылы келіп түскен 560 арыз-шағымның 26%-ы, 2020 жылы түскен 263 арыздың 16% - жер мәселелеріне қатысты болған.

Жүргізілген талдау, жер мәселелеріне қатысты Өңірлік Кәсіпкерлер Палатасының алаңында бірнеше рет ұйымдастырылған дөңгелек үстелдер мен Кеңестің әртүрлі деңгейдегі отырыстарында талқыланғанына қарамастан, өзекті проблемалардың қатарында екенін көрсетті.

Мәселен, бірнеше жыл бұрын кәсіпкер Скандарбек Құнанбаев Түркістан маңындағы 8 гектар жерді жалға алған. Жайылым ұйымдастыруды жоспарлаған кәсіпкерге бөлінген жер ауыл шаруашылығына жарамсыз болып шықты. Сондықтан көп ұзамай кәсіпкер осы жерге этноауыл салуды шешкен. Алайда әкімдік оған рұқсат бермеген, оған қоймай жер телімін қайтарып алмақ ниетте.

«Этноауыл салу үшін жер учаскесінің мақсатын өзгерту керек болатын, алайда маған өзгертуден бас тартты. Сонымен қатар, жерді жалға беру туралы келісім тоқтатылды. Ал мен оған көп ақша салдым: жылқы, киіз үй сатып алдым, қазір банкротпын деуге болады. Міне, мен барлық инстанциялар мен соттардың табалдырығын тоздырғаныма 2 жыл болды",- дейді кәсіпкер.

Бұл іс бойынша тексеру жүргізілген. Нәтижесінде жерді жалға беру конкурсы бастапқыда заң бұзушылықпен жүргізілгені анықталды. Сонымен қатар, кәсіпкерге бөлінген жер "су қорғау" аймағында орналасқандықтан алып қоюға жатады, дейді мамандар. Түркістан облысында мұндай мысалдар жеткілікті.

" Кәсіпкер қандай да бір себептермен кадастрлық базаға тіркелмеген жер телімін алған жәйттар да кездеседі. Нәтижесінде, біраз уақыттан кейін сол жер басқа адамға беріледі. Дау содан туындайды. Әдетте, мұндай жағдайларда мемлекеттік органдардың өкілдері жауап бермейді, тек кәсіпкерлер зардап шегеді. Бізге келіп түсетін шағымдардың біраз бөлігі осы мәселелерге қатысты",-деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Зухра Әмірова.

Тағы бір мәселе - жер телімдері туралы ақпараттың қолжетімсіздігі, дейді мамандар. Кәсіпкерлер палатасында қазір жаңа интернет - платформа бойынша жұмыс істеуде, онда жерге сату, конкурстар мен аукциондар туралы барлық деректерге еркін қол жеткізуге болады.

"Бұл бұзушылықтардың барлығы сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары рәсімдер мен процестердің ашықтығының болмауынан туындауда. Мәселенің шешімдерінің бірі жер телімдерін беру, барлық процестерді цифрландыру бойынша электрондық сауда-саттықты енгізуден көреміз. Түркістан облысы әкімдігінің цифрландыру басқармасы әзірлеген Түркістан облысының Гео-порталы-процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін платформа, жеке байланысты қоспағанда, сұралып отырған жер учаскесі туралы мәліметтерді алуға және техникалық шарттарды үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ирина Ким.

"Бұл" жоба " прокуратура органдары тарапынан қолдау тапты. Қалғаны, техника мен уақыттың меншігінде...»,-деп толықтырды ол.

Түркістан облысы прокуратурасының сараптамалық кеңесі шеңберінде 4 мәселе қаралды, олар бойынша ЖАО-ның тиісті құрылымдық бөлімшелері прокуратура органдары қойған сұрақтарға жауаптар мен түсініктемелер беріліп, олардың кейбіреулері Түркістан облысы әкімі орынбасарының жеке бақылауына алынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер