«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістан облысының әкімі Өңірлік кеңес мүшелерімен кездесті

2020 жылғы 10 Желтоқсан
- Түркістан облысы
11339 просмотров

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңартылған құрамымен алғашқы кездесуін өткізді.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, тиісті облыстық басқармалар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Айта кетейік, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүкіл әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан оң көрсеткішке ие. Бұл өсімде ҰКП «Бастау» жобасы түлектерінің де үлесі аз емес. Бастаулықтар жобаларының арнайы көрмесімен облыс әкімін Палата директоры Тимур Нақыпбеков таныстырып, жұмыс нәтижелеріне тоқталып өтті.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев  істерін жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков "Атамекен" жұмысының нәтижелеріне тоқталып өтті.

Оның айтуынша, төтенше жағдай, карантин кезеңдерінде Кәсіпкерлер палатасы жұмысын тоқтатқан емес. Бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетті. 893 млн.теңге — дәл осындай сомаға Түркістан облысының Кәсіпкерлер Палатасы 2020 жылы кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғады.

Өңірлік кеңестің жанынан 6 салалық комитет құрылды, яғни комитет мүшелері өңір бойынша бизнестің проблемалық мәселелерін жан-жақты талқылап, шешу жолында жұмыс жасайтын болады. Бүгінгі таңда комитеттердің 10 отырысы өткізіліп, онда кәсіпкерліктің әр саласындағы өзекті мәселелері көтерілді.

Ал "Қарапайым заттар экономикасы" бойынша бүгінде 28,9 млрд.теңге сомасына 292 жоба мақұлданған. Банктерде 6,1 млрд теңге сомасына 28 жоба қаралуда.

«Елдегі шектеу шараларына қарамастан Палата мамандары кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтерді тоқтатқан емес. Бұрын қызметтер офлайн көрсетілсе, жағдайды ескере келе онлайн қызметтерге де басымдық берілді. Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері 11 айда  кәсіпкерлік субъектілеріне 13 711 кеңес берген. Бұдан бөлек, «Бастау» жобасы аясында 3676 түлек оқудан өтіп, оның 1 500-інің жобалары 756,8 млн.тг. қаржыландырылған», -деп атап өтті Палата басшысы.

Ал Ауылшаруашылығы саласы бойынша өңірлік палатаның бастамасымен ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылды. Директордың айтуынша, орталықтың ашылуы сүт өндірісі саласында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бірқатар проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Орталық Ордабасы ауданындағы "Бөрте Милка" ЖШС базасында құрылған.

Сонымен қатар, бизнесмендер облыс орталығының экологиясын жақсарту және абаттандыру бойынша өз ұсыныстарын айтып, бірқатар жобаларымен таныстырды.

Атап айтқанда, Өңірлік кеңес мүшесі, "Бөрте Милка" ЖШС басшысы Нұралы Әбішев өңір басшысын "Агро V" кірпіш зауытының жұмысымен таныстырды.

Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын 2014 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Орташа алғанда, бұл кірпіш зауытында жылына 25 миллион кірпіш шығарылады. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, оны өткізуде ешқандай мәселе жоқ және кәсіпорын өнімдеріне сұраныс көп. 

Өз кезегінде, Өңірлік кеңес мүшесі, "VTOR METAL SERVICE" ЖШС басшысы Сәкен Арапбаев Түркістан облысында «Промпарк ADS Industries» деп аталатын шағын өнеркәсіптік парктер құру жөніндегі жобасын таныстырды.

Оның айтуынша, өнеркәсіптік паркінің негізгі тұжырымдамасы жұмыс істеп тұрған өндірушілер үшін де, стартаптар үшін де өнеркәсіптік алаңдарды  жеңілдікті шарттармен беру бөлігінде ШОБ субъектілерін қолдау және дамыту болып табылады.

Ал түркістандық кәсіпкер әйел, Өңірлік кеңес мүшесі Шолпан Бегалиева 1200 орынға есептелген "TURKISTAN-BOLASHAG" GIMNAZIIASY " жеке мектебінің құрылысы жобасын ұсынды. Жобаның жалпы құны 800 млн теңгені құрайды. Мұнда 230 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, "ХАМИТ" ӘКК басшысы Бақытжан Серманизов, "Кентау трансформатор зауыты" АҚ басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев және "ҚАЗЫНА-ЖЕР LTD" ЖШС директоры Алымжан Ахметов ТжКБ ұйымдарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, жобаларын таныстырды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, сенімді басқару білім беру мекемесі мен өндіріс арасындағы қолайлы көпір болып табылады, бұл студенттерді ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен таныстыруға  мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, "Region-13" таксопаркінің жетекшісі Ерлан Молдақасов өзінің тың жобасын ұсынды. Кәсіпкер Түркістан қаласында Ұлттық такси қызметін құруға ниетті, оған қала әкімдігі мен МКБ-да тіркелген барлық қалалық такси қызметтерін кіргізуді көздейді.

Стендтік-садақ ату және поло клубы бойынша кешен құрылысының жобасын кентаулық кәсіпкері, "Gens" ЖШС басшысы Александр Федоров таныстырды. Инвестиция сомасы 1200 млн. теңгені құрайды.

Ал "Capable Group" ЖШС директоры Қалмұратов Төрегелді Сайрам ауданында жөргектер мен майлықтар өндірісінің бірегей жобасын ұсынды.

Жалпы, Өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов қорытындылай келе, облыс кәсіпкерлеріне таныстырылған жобаларды жүзеге асыру бойынша әлі де көп жұмыс күтіп тұрғанын атап өтіп, өңір басшысына кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерімен ашық және қол жетімді жұмыс форматына алғысын білдірді.

Жиын соңында өңір басшысы әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге олардың жаңа жобаларын жүзеге асыруда тиісті қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.

Сондай-ақ, Өңірлік кеңес мүшелері Өмірзақ Шөкеевке тоқсанын сайын осындай «галстуксіз» кездесулер өткізіп отыруды ұсынды.

Бірнеше сағатқа созылған бейресми жағдайда өткен кездесу нәтижелі болып, әкімдік, Өңірлік кеңес және кәсіпкерлер палатасы арасындағы табысты тандем болды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер