«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандағы туризм: жаңа серпілістер уақыты

2020 жылғы 30 Қыркүйек
- Түркістан облысы
13117 просмотров

Бүгін Түркістанда осындай атаумен дөңгелек үстел болып өтті. Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков, Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің ректоры Майнұра Мырзамадиева, шағын және орта бизнес, Әзірет Сұлтан музей-қорығының өкілдері, мәдениет мекемелерінің басшылары, өңірдің жетекші туроператорлары мен қолөнершілері қатысты.

Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Түркістан өңірлік туризмнің ірі орталығына айналып, табысты дамып келе жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялардың арқасында соңғы жылдары Қазақстанның оңтүстігінде туризмнің заманауи жүйесі қалыптасуда, бес жұлдызды қонақ үйлер салынуда, Әлеуметтік және мәдени инфрақұрылым дамуда. Түркістанды туристік, білім беру орталығы ретінде дамыту үшін арнайы туризм және қонақжайлылық университеті де ашылды.

Өз кезегінде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков өңірдегі табиғи және мәдени көрікті жерлер, қонақжайлылықтың бай дәстүрлері мен Шығыс дәміне толы гастрономия туристік әлеуеттің басты құрамдас бөлігі және өңірдің тартымды магниттері болып табылатынын атап өтті.

"Қазіргі таңда өңірдегі туризмді дамытудағы басты мәселе - қызмет көрсету саласы болып табылады. Біз мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдарын жетілдіру және кәсіпкерлерді қолдау үшін өңірлік карта жасау бойынша талдау жасап, жұмыс жүргіземіз. Туризм саласындағы бірлескен жұмыс іскерлік өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етіп, тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенімдімін", - деп атап өтті ол.

Кездесуге қатысушылар туризм саласын дамытудың басым мәселелерін, жергілікті атқарушы органдардың халықаралық туризм және қонақжайлылық университетімен өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын талқылады.

Туризм - Түркістан облысын дамыту мен оған инвестиция тартудың басты және маңызды бағыттарының бірі екені сөзсіз. 2019 жылы Түркістанға 1,5 млн. турист келген. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш бес миллионға жетеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, кездесу аясында Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы мен халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті тиісті меморандумға қол қойып, ынтымақтастық бағыттарын белгіледі. Келісім туризм, қонақжайлылық, спорт, ғылым және мәдениет, сондай-ақ осы саладағы оқу-әдістемелік, практикалық және ғылыми - зерттеу жұмысының тиімділігі саласындағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі және орта кәсіптік білім беру сапасын арттыру саласында тікелей және өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған.

Айта кетейік, Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университеті Елбасының бастамасымен және Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Оқу орнын ашу үшін бұл ежелгі қала кездейсоқ таңдалмады, дейді университет ректоры. Майнура Мырзамадиеваның айтуынша, мұнда ЮНЕСКО-ның көптеген нысандары шоғырланған. Соның ішінде әлемге әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де бар. Жоғары оқу орны 1500 студентке есептелген, олардың жартысынан көбі грантта тегін оқиды. Альма-матерде отандық және шетелдік профессорлар, ғылым докторлары, туризм және сервис саласындағы жетекші ірі компаниялардың топ-менеджерлері сабақ береді. Жастарды халықаралық және ішкі туризмнің қыр-сырына, экскурсиялық қызметтерге, қонақ үй және мейрамхана бизнесіне үйретуде.

Сонымен қатар, іс-шара аясында қатысушылар үшін ақпараттық тур, гастрономиялық фестиваль, қолөнер шеберлерінің бірегей және әсем жұмыстарымен көрме ұйымдастырылып, мастер-класстар өткізілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер