«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қырыққабат экспортына қатысты сұрақтар түркістандық шаруалардың пайдасына шешілді

2020 жылғы 12 Сәуір
- Түркістан облысы
10688 просмотров

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәди Ибадуллаев елдегі төтенше жағдайға байланысты қырыққабат өнімдерін көрші елдерге шығара алмай отырған Мақтарал ауданының шаруаларымен кездесті

Түркістан облысы диқандары алғашқы көктемгі егіс науқанын бастап, көкөніс дақылдарын жинауға кірісті. Облыста 10,5 мың гектарға ерте шығатын қырыққабат егілген, сәуір-мамыр айларында диқандар шамамен 315 мың тонна қырыққабат жинауды жоспарлап отыр. Елде қырыққабатқа ай сайынғы қажеттілік 65 мың тоннаны құрайды. Бұл өнімдердің тез бұзылатындығын ескере отырып, диқандар қалған өнімді қайда сатарын білмей, қиын жағдайға тап болды.

"Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы Министрлігі тарапынан қырыққабат экспортына барлық шектеулер алынып тасталды. "Атамекен" ҰКП көмегімен шаруаларға көрші елдерге 250 мың тонна өнім экспорттауға мүмкіндік беретін арнайы квоталар бөлінді. Сонымен қатар, Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз ету үшін халықтың ай сайынғы қажеттіліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімдерін жеткізу жөнінде басқа облыстармен меморандум жасалады", - деді Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәди Ибадуллаев.

Сондай-ақ, өңірлік Палата басшысы фермерлерге қолайлы болу үшін Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасының Мақтаарал аудандық филиалының қызметкерлері шаруаларға фитосанитарлық сертификат алу үшін өтінім беруге көмектесетінін және олардың әрқайсысын сүйемелдейтіндігін атап өтті.

Айта кетейік, қабылданған карантиндік шараларға байланысты тез бұзылатын өнімді пост бекеттерден кедергісіз тасымалдау мақсатында «#BizBirgemiz Түркістан облысы азық-түлік өнімдері» атты логотип ұйымдастырылып, әрбір жүк көліктеріне фитосанитарлық және карантиндік сертификаттармен қамтамасыз ету қарастырылған.

 Бұл арнайы логотипі бар көліктердің пост бекеттерде кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні диқандар қырықабат өнімінің алғашқы 50 тоннасын Ресейдің Воронеж, Санкт-Петербург, Уфа қалаларына жөнелтті.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер