«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық құрғақ түйе сүті Қытай нарығына жеткізілуде

2020 жылғы 20 Наурыз
- Түркістан облысы
14650 просмотров

Түркістан қаласындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін "Golden Camel" зауыты алғаш рет Қытайға 13 тонна дайын өнімді экспорттады.

Қазақстандық "Gold Camel GROUP LTD" ЖШС мен Қытайлық компания China Danqing Gold land of Water-Saving Engineering Co. бірлескен зауыты Түркістан облысында ҚХР инвесторларымен салынған алғашқы жоба.

Түркістанда зауыттың іске қосылуына байланысты облыста түйе сүтіне деген қажеттілік артты. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 100 тонна шұбатты өңдеуге мүмкіндік береді. Бір тонна құрғақ сүт өндіруге 16 тонна шикізат қажет. Осыған байланысты шикізатты уақтылы жеткізу бойынша мәселелер туындады.

Компанияның шикізат географиясын кеңейтуге Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасы көмектесті. Палатаның бастамасымен, кәсіпорын 5 сүт қабылдау бекеттері (Созақ Ордабасы, Отырар аудандары мен Түркістан қаласы) арқылы 20 шаруа қожалықтарымен келісім шартқа отырып, тәулігіне 5 тонна түйе сүті қабылдауда. Түйе сүтін қабылдау бағасы 1000 теңгені құрайды.

Бұл түйе шаруашылықтарымен және осы саламен айналысуға ниеті бар ауыл тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырып отыр.

"Сүт өңдеу зауытын қамтамасыз ету мақсатында біз арнайы жұмыс тобын құрып, облыс аудандарын араладық. Түйе шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, сүт жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізілді. Түйе өсірушілерге қолайлы болу үшін әр ауданда сүт қабылдау үшін арнайы танкерлер қойылды. Нәтижесінде, біз шикізат көлемін арттыруға қол жеткіздік, соның арқасында зауыт бүгінгі күні дайын өнім экспортын бастады",-деп атап өтті Түркістан облысы Кәсіпкерлер Палатасының АӨК бөлімінің басшысы Нұрлыбек Боранбаев.

Айта кету керек, Палата бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында түйе шаруашылығын кеңейту жобасында жылдық 6%-бен несиелендіру жолдары қарастырылған. Жобаның өзін-өзі ақтау уақыты 8-9 ай көлемді құрайды.

Нәтижесінде биылғы жылдың өзінде Арыс, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Созақ, Шардара аудандарында қосымша 3 962 аналық бас түйе сатып алынып, сүттің көлемі 14 250 тоннаға, яғни кәсіпорынның қуаттылығын 15 %-ға ұлғайтуға қол жеткізіледі.

Сонымен қатар, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Ауылшаруашылық басқармасымен бірлесіп өңірдегі түйелердің басын көбейту бағдарламасын әзірледі. Сондай-ақ, АӨК бөлімінің сарапшылары түйелерді қалай дамыту керектігін, ол үшін мемлекеттік қолдаудың қандай құралдары бар және оларды қалай пайдалану керектігін үйрету бойынша семинарлар өткізді.

Бүгінде кәсіпорын «1000 басқа арналған сауынды түйе кешенін салу» жобасын іске асыруды қолға алды. Жобаны іске асыруға Кентау қаласы және Бәйдібек, Созақ, Отырар аудандарынан жер телімдері қарастырылуда.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер