«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Түркістандық көп балалы аналар кәсіпкерлікке бет бұруда

2019 жылғы 26 Желтоқсан
- Түркістан облысы
11867 просмотров

Түркістанда көп балалы аналардың мәртебесін көтеру, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету мақсатында «Батыр ана» көпбалалы іскер аналар форумы өтті

Форумға облыстың аудан, қалаларында кәсіпкерлік саласында және өзге де салаларда жемісті еңбек етіп жүрген 100-ге жуық көпбалалы аналар қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.

Форумды жүргізген «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 90 мыңдай көпбалалы отбасы бар.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің басым бөлігі біздің өңірден. Біздің ардақты батыр аналарымыз бала тәрбиелеп қана қоймай, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Кәсіпкерлік саласында табысқа жетіп жүрген аналарымыз жетерлік. Бүгін «Батыр ана» форумына көпбалалы аналарымызды арнайы шақырып отырмыз. Көпбалалы және іскер әйелдердің кәсіпкерлікпен шұғылдануы үшін қандай қолдаулар бар? Осы мәселелер төңірегінде ой қозғап, облыс көлемінде кәсіпкер-аналарымыздың атқарып жатқан жұмыстарын ой елегінен өткізіп, көпшілік қауымға насихаттауды мақсат етіп отырмыз», – деді Бейсен Дәулетұлы.

Өз сөзінде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхаммед Абсаттаров кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде кеңінен баяндады. Оның айтуынша, 2019 жылдың ішінде «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары аясында Түркістан облысы бойынша 3345 әйел білім алды. «Еңбек» бағдарламасы аясында 3 мыңнан астам әйел жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 1,5 млрд. теңге көлеміндегі гранттарды иеленген.

«Кәсіпті неден, қалай бастаймын деген сұрақ мазаласа, біздің бизнес-тренерлер «Бастау» жобасы бойынша 1 ай бойы кәсіпкерлік негіздеріне үйретеді. Нәтижесінде қаржыландыруға және қайтарымсыз грант ұтып алуға мүмкіндік туады. 2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» компоненті бойынша 731 адам әйел білім алды. 200-ге жуық әйел 680 млн тг. көлемінде қаржыландырылды. Кәсібін ашамын дейтін ардақты аналарға көмектесуге әрқашан дайынбыз», – деген Дінмұхамед Болатұлы «Бизнестегі әйел» бағдарламасына да тоқталып өтті.

Ал, «Ырыс» микроқаржы ұйымының өкілі Данияр Арынғазин «Көпбалалы ана» бағдарламасы бойынша 13 көпбалалы анаға 2 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілгенін мәлімдеді.

Жиынға облыстың түкпір-түкпірінен жиналған көпбалалы аналар өз тәжірибелерін ортаға салып, құнды пікірлер айтты. Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен көмектерге сенім артпай, реті келсе жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Айта кетсек, Түркістан облысында 144 мыңға жуық кәсіпкер бар болса, соның 46 мыңға жуығы немесе 32 пайыздан астамы – әйелдер. Өңірде кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің дені тігін шеберханасын, кондитерлік цехтар, оқыту орталықтарын ашып, қызмет көрсету салаларында жұмыс атқарып келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер