«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңір басшысы Түркістан облысының бизнес қауымдастығымен бейресми кездесу өткізді

2019 жылғы 24 Сәуір
- Түркістан облысы
9590 просмотров

Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесімен кездесті

Облыс әкімінің бизнес өкілдерімен алғашқы бейресми кездесуі кәсіпкерлерге экономиканың дамуы мен аймақтың және бүкіл еліміздің әл-ауқатын арттыруға қосқан үлестері үшін  алғыс сөздерімен басталды.

Кездесуді ашқан облыс әкімі кәсіпкерлерді ашық диалогқа шақырып, өз кәсіптерінде кездесетін әкімшілік кедергілерді және жүйелік проблемаларды талқылауға шақырды.

«Түркістан облысында 130 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестегі өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. Мемлекет пен бизнестің күшін біріктіру арқылы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Сіздердің жұмыс барысындағы ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңіз міндетті түрде ескерілуі керек. Біз нақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бірақ, біз сіздердің аймақтың дамуына қандай үлес қоса алатындарыңызға көз жеткізуіміз керек», - деп атап өтті облыс әкімі.

Бейресми жағдайдағы ашық әңгіме барысында кәсіпкерліктің жүйелік мәселелері көтеріліп, оларды шешу бойынша ұсыныстар талқыланды.

Мысалы, «Алжа-Құрылыс» ЖШС директоры Алмас Салимов екінші деңгейлі банк, қаржы институттары өкілдерінің Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына қатысу сұрақтарын көтерді.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы директоры Динмұхамед Абсаттаров қазіргі уақытта Түркістан облысы Шымкент қаласынан бөлінгелі өндіруші өнеркәсіптің біраз бөлігі Шымкент қаласында қалғандығын, сол себепті Түркістан облысына инвестиция аз тартылғандығын айтып өтті.

Аймаққа инвестиция тарту мәселесі және арнайы экономикалық аймақтағы қызмет түрлерін кеңейту туралы мәселе бойынша Өңірлік кеңес төрағасы, «Хлопкопром целлюлоза» ЖШС директоры Қайнар Абасов тоқталды.

«Бүгінгі күні Түркістанның арнайы экономикалық аймағының аумағында тек ғимараттар құрылысы және оларды пайдалану ғана қамтамасыз етілген. Алайда, қаулыдағы шектеулер индустриалды аймақта жобаларды жүзеге асыруға және дамытуға мүмкіндік бермейді. Мемлекеттік жеке меншік құраларын пайдалана отырып, аймақта бизнес инкубатор құрылысын салуды іске асыруды ұсынамын»,-деп атап өтті кәсіпкер.

Сондай-ақ, Өңірлік кеңес төрағасы индустриялық аймақтың инфрақұрылымын да көтерді. Бүгінгі күні индустриалды аймақтағы жоғары тарифтер мен энергия ресурстарының жетіспеушілігі – ең өзекті мәселе.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту,  суару жүйесін дамытудағы мәселелерді, сондай-ақ суаруды тиімді пайдалануды Өңірлік кеңестің мүшесі, «Қайнар Май» ЖШС директоры Хали Сарманов көтерді.

Жиында сондай-ақ, ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру мен қарқынды бау шаруашылығын дамыту, егіндік жерлерді тиімді пайдалану мен тамшылатып суару жүйелері жайы айтылды. Бордақылау алаңдары мен су қоймаларын салу туралы мәселелері көтерілді.

Іскер азаматтардың ұсыныс пікірлерін тыңдаған облыс әкімі өңірді дамытуға бағытталған кәсіпкерлердің бастамалары мен жобаларын қолдауға дайын екендігін атап өтті.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров өз сөзінде, облыс басшысына кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерімен ашық және қол жетімді жұмыс форматына алғысын білдірді.

Сондай-ақ, Өңірлік Кеңестің мүшелері Өмірзақ Шөкеевке бейресми кездесулерді ай сайын өткізуді ұсынды.

Бірнеше сағатқа созылған «галстуксіз» кездесу жемісті өтіп, әкімнің, Өңірлік кеңес пен Кәсіпкерлер палатасының арасындағы сәтті тандем болды. Кәсіпкерлердің өңір басшысымен кездесуі келесі айда жоспарланды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер